Қоғам

Әйелін және енесін өлтірген ер адам 19 жылға сотталды

Қостанайда әйелін және енесін пышақтап өлтіріп, кейін өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамға үкім шықты.

45 жастағы аудан орталығының тұрғыны Виталий Логунов шілде айының ортасында 39 жастағы әйелін және оның 74 жастағы анасын өлтірген. Осыдан кейін ол із-түзсіз жоғалып кеткен. Оны бүкіл Қарабалық аумағында іздеп, ақыры бір қорадан тапқан. Логунов қатты қансырап жатқан, ол өз-өзіне де ауыр жарақат салған.

Оған дереу медициналық көмек көрсетіліп, ауруханадан шыққан соң қамауға алынған. Логуновқа қатысты сот жабық түрде өтті, себебі іс жеке өмірге қатысты мәліметтерді қамтиды. Белгілі болғандай, мемлекеттік айыптаушы оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал айыпталушы кінәсін тек ішінара мойындаған.

"Сот үкімімен сотталушы 19 жыл мерзімге орта қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеуге сотталды", – деп хабарлады Қостанай облыстық соты.

Сондай-ақ сот азаматтық талап-арызды моральдық зиянды өндіру туралы шағымды толық көлемде қанағаттандырған. Алайда талап сомасы нақты жария етілмеді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.