сейсенбі, 4 қараша, 2025 22:00

Қазақстан және шетел ақпаратын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Байланыс

Премьер-министр кейбір стадиондардың қаңырап бос тұрғанын айтып, спорт саласын сынға алды

Премьер-министр кейбір стадиондардың қаңырап бос тұрғанын айтып, спорт саласын сынға алды
Фото:Үкімет
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мемлекет бизнестен тек пайда емес, қоғамға пайдасын тигізетін бастамалар күтетіні туралы айтты.

“Әрбір қазақстандықтың өмір салтына айналуы тиіс спорттың дамуы мемлекет басшысының үнемі назарында. Біздің міндет – халықтың спортпен қамтылу деңгейін арттырып, кәсіби спортшыларға лайықты жағдай жасау", – деді Бектенов.

Премьер-министрдің айтуынша, бүгінде еліміздің әр өңірінде спорт инфрақұрылымын дамытуға жүйелі түрде көңіл бөлініп жатыр. Мақсат – әр азаматқа спортпен айналысуға қолжетімді жағдай жасау және ауылдық жерлерде де заманауи спорт нысандарын салу.

“Барлық өңірде спорт инфрақұрылымын біркелкі дамыту және тұрғылықты жерлерге жақын спорт алаңдарының желісін құру қажет. Сондай-ақ клубтар мен секцияларды дамытуды да назардан тыс қалдырмау керек", – деді премьер-министр.

Сондай-ақ Олжас Бектенов жаңа стадиондардың бой көтеруімен қатар, пайдаға берілген  ғимараттарды да тиімді пайдалану мәселесіне де тоқталды.

"Мәселен, Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан "Жастар" стадионы бос тұр. Тұрғындар спорттық іс-шаралардың өтпейтініне, секциялардың жоқтығына шағымдануда. Бұл жүйелі бақылаудың әлсіздігін көрсетеді. Туризм және спорт министрлігі мен әкімдіктер нысандардың мақсатты әрі тиімді жұмысын қатаң бақылауға алуы тиіс", – деді ол.

Соңғы жылдары елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы республика бойынша 90 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді, оның 61-і ауылдық елді мекендерде салынған.

“Бұл – өте маңызды көрсеткіш. Биыл тағы 102 нысан пайдалануға беріледі", – деді Үкімет басшысы.

“Мемлекет бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Енді бизнестен де әлеуметтік және спорттық инфрақұрылымды дамытуда жауапты қадамдар күтеміз", – деді премьер-министр.

Оймақ
Автор

Оймақ

Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.

Ұқсас жаңалықтар