"Аппағым" әні есірткі туралы: заңгер Qarakesek-тің әндерін сахнадан алып тастауды ұсынды
- авторОймақ
- Бүгін, 12:11
- 24

Заңгердің айтуынша, жастар арасында танымал әншілердің теріс қылығы қоғамға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан ол жас буынды Qаrakesek-тің шығармашылығынан алшақ болуға шақырды.
“Жақында Ақтөбеде Qаrakesek есімді әнші ұсталды. Оның ісі қылмыстықтан әкімшілік жауапкершілікке ауысып кетті. Дегенмен мұндай тұлғаларды сахнадан, телеэфирден, онлайн платформалардан алып тастау қажет деп есептеймін. Әндері жастар арасында кең таралған. Мысалы, “Әппағым, сенен артығын таппадым” деген ән сырттай махаббат туралы сияқты көрінеді. Бірақ оның есірткіге, яғни мефедрон мен ұнтаққа байланысты жазылғаны жөнінде қауесет бар. Бұл жасырын насихат емес пе? Мәдениет министрлігі мұндай орындаушылардың шығармашылығын сахнадан ала ала ма?” – деді ол “AMANAT” партиясының жастар кеңесі отырысында.
Заңгердің сынынан кейін мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов та пікір білдірді. Ол жастар арасында есірткіні романтизациялау жағдайлары кездесетінін жасырмады.
“Qаrakesek-ке қатысты да маған көп адам: “әндерін мас күйінде жазған шығар” деп айтты. Бұл – әркімнің өз ойы. Дегенмен мұндай жағдайлардың алдын алу үшін әртістерді бақылауда ұстау маңызды. Егер олардың есірткіге қатысы анықталса, қоғамның өзі де оларды шеттетуі тиіс. Қоғам кейде мұндай құбылыстарды өзі романтизациялап жібереді. Мәселен, “Шекер” сериалы шыққаннан кейін де пікір екіге бөлінген болатын” – деді вице-министр.
Қоғамда Qаrakesek-тің шығармашылығы төңірегінде үлкен пікірталас жүріп жатыр. Бір тарап оны өнер адамы ретінде қабылдаса, екінші тарап жастарға теріс әсер ететінін айтып, сахнадан аластауды талап етуде.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.