Қоғам

Қарттығына байланысты жұмыстан шығарылған мұғалімдерге 10 млн теңге өтемақы төленді

Үш мұғалімнің жұмыстан заңсыз босатылғаны анықталды. Олар бұрынғы қызметтеріне қайта орналастырылып, оларға 10 миллион теңгеден астам қаржы өтемақы ретінде төленетін болды, деп хабарлады Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі.

Соттың ресми Telegram-арнасының мәліметінше, мектеп директоры мұғалімдерді зейнет жасына жетуіне байланысты жұмыстан босату туралы алдын ала ескерткен. Алайда бұл әрекет Еңбек кодексінің талаптарына қайшы болған: заңға сәйкес, жұмыс беруші қызметкерді кемінде бір ай бұрын хабардар етуі тиіс. Сонымен қатар зейнет жасына толған педагогтардың өз өтініші негізінде еңбек шартын оқу жылы аяқталған соң бұзу мүмкіндігі бар.

Мұғалімдер соттан жұмыстан босату туралы бұйрық пен хабарламаны заңсыз деп тануды, қызметтеріне қайта орналастыруды, мәжбүрлі бос жүрген уақыт үшін жалақыны, моральдық зиян мен өкіл шығындарын өндіріп алуды талап етті.

Сот шешімімен олардың арыздары ішінара қанағаттандырылды. Нәтижесінде жұмыстан босату туралы бұйрықтар заңсыз деп танылып, мұғалімдер бұрынғы қызметіне қайта орналастырылды. Сондай-ақ талапкерлердің пайдасына 9 млн теңгеден астам жалақы, 300 мың теңге моральдық өтемақы және 900 мың теңге көлемінде өкіл шығындары өндірілді.