Сенат Төрағасы Дүниежүзілік ислам лигасының Бас Хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.
Бұл туралы Сенат баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне қатысу үшін Қазақстанға келген Дүниежүзілік ислам лигасының Бас Хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим Әл-Исамен кездесті.
Мәулен Әшімбаев Мұхаммед Абдулкарим Әл-Исаға ілтипат білдіріп, Лиганың толеранттылық, өзара құрмет және дінаралық келісім идеяларын дәріптеу жолындағы қызметіне, сондай-ақ, ұзақ жылдар бойы Съездің мақсаттарына қол жеткізуге қосып келе жатқан үлесіне жоғары баға берді. Палата Спикері ДИЛ Бас хатшысы бастамашы болған Батыс пен Шығыс арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды көздейтін «Building Bridges between East and West» халықаралық платформасының маңызына назар аударып, оны іске асыруға қолдау білдірді.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыру мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Осыған байланысты, біз үшін Дүниежүзілік ислам лигасымен өзара іс-қимылды арттыру айрықша маңызға ие. Біздің байланыстарымыз соңғы жылдары айтарлықтай жандана түсті. Қазіргі таңда Дүниежүзілік ислам лигасы мұсылман қауымының ынтымағын нығайту, ортақ рухани құндылықтарды насихаттау және білім беру бағыттарында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Алдағы уақытта Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дүниежүзілік ислам лигасы арасындағы ынтымақтастық нығая түседі деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы мәртебелі мейманға Съезге шақыруды қабыл алғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Дүниежүзілік ислам лигасы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің мақсаттары, миссиясы және басым бағыттары ортақ әрі ұқсас екеніне назар аударды. Сұхбат кезінде дінге, нәсілге және сенімге қатысты кемсітушіліктің барлық түрін айыптайтын Мекке декларациясының маңызына да ерекше мән берілді. Құжат әлемді төзбеушілік пен жеккөрушілікке қарсы бірлесіп әрекет етуге үндейді.
Кездесу барысында тараптар қазіргі өзекті сын-қатерлерді талқылап, оларды еңсеру және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде өз ұсыныстарын білдірді. Нақты айтқанда, ғылым, білім беру, цифрландыру және өзге де маңызды салаларда байланысты кеңейтуге қатысты қолданыстағы, сондай-ақ, алдағы бірлескен жобалар туралы сөз болды.
Өз кезегінде Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим Әл-Иса Съезд Хатшылығының басшысына шақыру үшін алғысын жеткізді. Сондай-ақ ол халықаралық қауымдастық үшін мұндай Форум өткізудің аса маңызды және қазіргі ортақ проблемаларды еңсеру жолында күш біріктірудің берері мол екенін айтты.