Қапшағай жағалауы жекеменшікке өтіп кеткен - депутат
Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау аймағындағы 82 жер учаскесі жекеменшікке өтіп кеткен. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәлімдеді.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Қапшағай су қоймасы мен Іле өзенінің су қорғау белдеулерінде орналасқан 82 жер учаскесі жеке және заңды тұлғалардың меншігіне рәсімделіп кеткен. Ал мұндай жерлерді жекешелендіруге заңмен тыйым салынған.
Жер кодексі мен Су кодексі бойынша, су қорғау аймақтары мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) айналымға шығарылмауы тиіс. Бірақ ЕГКН базасында бұл учаскелер жеке меншік ретінде тіркелгені анықталды.
Депутат Бас прокуратураға, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне және Су ресурстары және ирригация министрлігіне ресми түрде өтініш жолдағанын айтты.