Саясат

Anadolu Ajansı – Президент телерадиокешенінің жаңа медиа-серіктесі

Анкарада Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені мен Anadolu Ajansı түрік мемлекеттік ақпарат агенттігі жаңалық алмасу және медиа серіктестік саласында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Құжатқа қол қою салтанаты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрік Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Түркияға ресми сапары аясында өтті. Келісімге Президент телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Anadolu Ajansı басшысы Сердар Карагёз қол қойды.

Келісім Қазақстан мен Түркия арасындағы ақпараттық өзара әрекеттестікті тереңдетуге бағытталған және халықаралық «Kazinform» агенттігі мен Anadolu Ajansı арасында кеңейтілген ынтымақтастықты көздейді.

Тараптар қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерінде жаңалық алмасуға, оны өз платформаларында бейімдеу және жариялау құқығын пайдалана отырып, кәсіби байланыстарды дамытуға, журналистерді тағылымдамадан өткізу мен оқытуға келісім жасасты.

Қазақстан Президентінің Телерадиокешені - елдегі ірі медиа компаниялардың бір. Оның құрамына ең көне халықаралық ақпарат агенттігі «Kazinform», Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары және Деректі фильмдер орталығы кіреді.

Anadolu Ajansı – Түркияның халықаралық ақпарат агенттігі. Ол жаңалықтарды 13-ке жуық тілде, оның ішінде ағылшын, араб, орыс, испан, француз және тағы басқа тілдерде таратады. Агенттіктің 100-ден астам елде, соның ішінде Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, Қатар, Иранда тілшілер желісі мен кеңселері бар.

2025 жылы Anadolu Ajansı мен «Kazinform» ақпарат агенттіктерінің екеуі де 105 жылдық мерейтойын атап өтеді.