Мәжіліс Төрағасы Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды
- авторОймақ
- 9 мамыр, 2025
- 214

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Іс-шараға Парламент фракциялары мен ардагерлер ұйымдарының өкілдері және Бауыржан Момышұлы монументі маңына жиналған жұртшылық қатысты. Олар ерлікпен қаза тапқан қаһармандардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.
Бауыржан Момышұлы – қазақтың көрнекті жазушысы, Кеңес Одағының Батыры. Ұлы Отан соғысы кезінде генерал-майор Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында шайқасқан. Кейін полкке, дивизияға қолбасшылық етті. Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін 1942 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бұл награда оған қайтыс болғаннан кейін 1990 жылы берілді.
Астанадағы батырға арналған ескерткіш 2008 жылы ашылды. Бұл – Бауыржан Момышұлының туған өңірі Жамбыл облысының елордаға жасаған тартуы.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.