Қоғам

Министрлік Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің проректорына қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын растады

Satbayev University лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі Бас прокуратура тергеп жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университетінің проректоры Ержан Күлдеевке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Бұған дейін журналист Михаил Козачков Ержан Күлдеевтің Алматыда ұсталғанын және сыбайлас жемқорлық қылмысына күдікті екенін хабарлаған болатын.

Qumash мәліметінше, Satbayev University лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істі Бас прокуратура тергеп жатыр.

Университеттің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Ержан Күлдеев 2021 жылдан бері басқарма мүшесі – корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор қызметін атқарып келеді. Министрлік оның қызметінен босатылу мүмкіндігі туралы сұраққа жауап бермеген.

Ержан Күлдеев – 2025 жылғы ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы сыйлықтың лауреаты.

Сонымен қатар министрлік Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиевке қатысты тергеу жалғасып жатқанын растады.