Депутат кәсіпорындарға ру атауын беруге тыйым салуды ұсынды
Депутат Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа сауал жолдады.
Қазақстанда кәсіпорындар мен қоғамдық ұйымдарға қазақ руларының атауын беруге заң жүзінде тыйым салу ұсынылды. Бұл мәселені Құрылтайдың 25 қарашадағы отырысында «Әділет» партиясының депутаты Аят Сүгірбай көтерді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
Депутат Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа сауал жолдады. Оның мәліметінше, «Заңды тұлғалар» мемлекеттік деректер базасында қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Олардың басым бөлігі 1996–2005 жылдар аралығында тіркелген.
Аят Сүгірбайдың айтуынша, кәсіпорындарға ру атауларын беру қоғамда рушылдықтың қайта белең алуына, әділ бәсекелестіктің әлсіреуіне және меритократия қағидаттарының бұзылуына әкелуі мүмкін.
«Менің ойымша, заңды тұлғаларды, кәсіпорындарды нақты бір рудың атымен атаудың астарында рушылдықтың белгілері бар», – деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай кәсіпорындардың қызметіне немесе өніміне қатысты айтылған сын сол рудың өзге өкілдеріне де тиіп, руаралық араздыққа себеп болуы ықтимал.
Депутат қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тікелей тыйым салатын норма жоқ екенін де атап өтті. Ал Азаматтық кодексте заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды пайдалануға шектеу қойылған. Осыған байланысты Аят Сүгірбай «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға және өзге де нормативтік актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ол Әділет министрлігінен ру немесе жүз атауымен заңды тұлғаларды тіркеуге және қоғамдық бірлестіктер құруға заң жүзінде шектеу қою мәселесін қарастыруды сұрады.