Екі ай жалақы алмаған: тараздық жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберген
Жұмысшылардың айтуынша, олар еңбекақыларын талап етіп, бір күн жұмысқа шықпаған.
Таразда қант зауытында еңбек еткен жүзге жуық жұмысшы екі ай бойы жалақы алмағанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Жұмысшылардың айтуынша, олар еңбекақыларын талап етіп, бір күн жұмысқа шықпаған. Осыдан кейін кәсіпорын басшылығы оларды жұмысқа кіргізбей, жұмыстан шығарылғанын хабарлаған.
Наразы жұмысшылардың арасында дәнекерлеушілер, металл кесушілер мен арматурашылар бар. Олар зауыт цехтарын жаңғырту жұмыстарына тартылған. Алайда жұмысшылар мердігер мекеменің штатында тіркелген. Жалақының кешігуіне құжаттардағы қателіктер себеп болғаны айтылды.
Мердігер кәсіпкер Нұржігіт Сейтханов құжаттардағы қателіктердің түзетілгенін, алайда мәселенің әлі шешілмегенін жеткізді.
Зауыт басшылығы жұмысшылармен кездесуге шықпаған. Кәсіпорынның ұстанымын жергілікті билік өкілдері түсіндірді.
Әзірге жұмысшылардың жалақысы нақты қашан төленетіні және олардың жұмысқа қайта қабылданатыны белгісіз.