Алимент қарызы үшін көлігі тәркіленді: Павлодар облысында борышкерлерге шара қолданылды
Алимент төлемей, құмар ойынға ақша жұмсағандар да бар
Павлодар облысында алимент төлеуден жалтарған борышкерлердің 67 көлігі айыптұраққа қойылды. Ал 300-ден астам автокөлік туралы мәлімет «Кибер-шериф» жүйесіне енгізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz облыстық прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, биыл сот орындаушылары, полиция және жұмыспен қамту органдарымен бірлескен шаралар нәтижесінде 5 миллиард теңгеден астам алимент өндірілген. Сондай-ақ бюджет алдындағы 1 миллиард теңге берешек өтелген.
Алимент қарызы үшін көліктері мен үйлері алынды
Прокуратура келтірген мысалдардың бірінде алимент төлемеген азаматтың көлігі 1,4 миллион теңге қарызын ішінара өтеу үшін алимент алушыға берілген.
Ал Ақсу қаласында 1,3 миллион теңге алимент берешегі бар азаматтың автокөлігі саудаға шығарылған.
Бұдан бөлек, жалпы құны 12,8 миллион теңге болатын үш жылжымайтын мүлік алимент алушыларға берілді.
Балаларына 9 миллион теңге қарыз болған азамат анықталды
Тексеру барысында іздеуде жүрген 14 борышкер табылған. Олардың бірі балаларына 9 миллион теңге алимент қарыз болған.
Прокуратура қабылдаған шаралардан кейін ол берешегін толық өтеген.
Сонымен қатар прокурорлар борышкерлерді іздеуге қатысты заңбұзушылықтарды анықтады. 404 борышкер қамтылған 148 атқарушылық іс бойынша жалған іздестіру деректерінің жолы кесілді.
Алимент төлемей, құмар ойынға ақша жұмсағандар бар
Тексеру барысында алимент бойынша берешегі бола тұра, ақшасын құмар ойындарға жұмсаған азаматтар да анықталған.
Жүргізілген шаралар нәтижесінде 225 борышкер әкімшілік, ал 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура балалардың құқықтарын қорғау және алимент берешегін өндіру жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.