«Ешкім де заңнан аттап кете алмайды» – Президент
Қасым-Жомарт Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықтың ауқымын көрсететін аса маңызды белгі деп бағалады. Мемлекет басшысы тергеу енді басталғанын айтып, Үкімет пен бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықты азайту жөнінде ұсыныс беруді тапсырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz.
«Өзіміздікі» деп бөлуге жол берілмейді
Қ. Тоқаев тергеуге қатысты мәліметтерді заң бойынша жария етуге болмайтынын айтты. Президенттің сөзінше, бұл – «Заң мен Тәртіп» қағидаты жарияланып, Конституцияға енгізілгелі бері бір жүйеге кіретін мемлекеттік компаниялардағы жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс.
Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» елдің стратегиялық активтерін басқаратынын, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыратынын және шетелдік компаниялармен, халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай серіктестіктің артында ұзақ жылдарға созылған келіссөздер, Қазақстанның міндеттемелері және халықаралық қауымдастықтың елге деген сенімі тұр.
Биыл он айда жемқорлыққа қатысты 751 құқық бұзушылық тіркелген
Президент келтірген дерекке сәйкес, 2023–2025 жылдары сыбайлас жемқорлыққа қатысты 3 168 құқық бұзушылық анықталған. Оның 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер, қалғанын өзге тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметкерлері жасаған.
Биылғы он айда жемқорлыққа қатысты 751 құқық бұзушылық жасалған. Оның 546-сы мемлекеттік қызметшілерге, 205-і өзге тұлғаларға тиесілі. Қ. Тоқаев түрлі деңгейдегі басшылардың жемқорлыққа қатысы туралы мәліметтерді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге тексеретінін айтты.
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ жұмысы жалғасады
Қ. Тоқаев «Самұрық-Қазына» қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялар, соның ішінде «Қазақстан темір жолы» қалыпты жұмыс істеп жатқанын айтты. Президент жемқорлықпен күрес қордың жұмысын ашық етуге және инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттыруға ықпал етеді деп санайды.
Мемлекет басшысы соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттар қайта қаралғанын да айтты. Оның пікірінше, сол құжаттарға қол қою қате шешім болған. Сонымен бірге ол келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылдық мораторий жариялау жөнінде тапсырма бергенін еске салды.
Жиында Үкімет пен бақылаушы органдарға нақты мерзім белгіленді.
Қайтарылған активтерге салынған нысандардың сапасы да сөз болды
Президенттің айтуынша, Бас прокуратура заңсыз иемденілген 1,3 трлн теңгеден астам активті қайтарған. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына жұмсалған. Қазір оның 383-і салынып біткен. Олардың арасында медициналық мекемелер, сумен жабдықтау желілері, мектептер мен спорт кешендері бар.
Қ. Тоқаев осы нысандардың қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге негіз бар екенін айтты. Ол кей нысанның, әсіресе жолдардың сапасы талапқа сай болмай жататынын атап өтті. Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіруге жол берілмейтінін де айтты.
Мемлекет қаржысының жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Қ. Тоқаев оның құрамы келесі аптаның басында жарияланатынын айтты.