Әлеумет

Жетісуде төртемді дүниеге әкелген отбасыға пәтер кілті табысталды

Отбасында төртемнен бөлек, үш бала бар.

Жетісу облысында төртем дүниеге келген отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Сәбилерін Алматы қаласындағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында өмірге әкеліп, туған үйіне оралған жас ананы бүгін жерлестері салтанатпен қарсы алып, жаңа пәтердің кілтін тапсырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz 

Өңір басшысының атынан ата-анасы мен сәбилерді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев құттықтады.

Кербұлақ ауданының Талдыбұлақ ауылында тұратын отбасында төртемнен бөлек үш баласы бар. Енді төрт ұлдың дүниеге келген отбасы бірден көп балалы атанды.

Төртемнің анасы Альмира Бекеева 31 жаста. Ол Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте педагог болып жұмыс істейді. Ал жұбайы Олжас Бекеев - жүк көлігінің жүргізушісі. Әсіресе, отбасына бірден төрт ұлдың қосылғанына әкесі ерекше қуанышты.

Жас ананың құрсағында бірден төрт сәбидің біткенін анықталған бойда пациент Алматыдағы Ұлттық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында мамандардың бақылауына алынды. 24 қыркүйекте дәрігерлер операциялық жолмен босандырып, Арлан, Арсылан, Әлихан, Әмірхан есімді төрт ұл дүние есігін ашты.