Тойға тапсырыс: күдікті елді алдап, алдын ала төлем алып отырған
Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 500 мың теңгені құрайды.
Астана қаласының полиция қызметкерлері 24 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу мәліметінше, ол қаладағы дәмханалардың бірінде жұмысшы болып қызмет атқарған, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
Күдікті әкімші болмаған уақытта өзін мекеменің жауапты қызметкері ретінде таныстырып, той өткізуге тапсырыс беруге келген азаматтардан алдын ала төлем алып отырған. Алдын ала деректер бойынша, оның әрекетінен 10 адам зардап шеккен.
Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 500 мың теңгені құрайды. Жәбірленушілер той өткізу үшін дәмханаға келген кезде алдын ала төлем туралы мекеме әкімшілігінің хабарсыз екені анықталды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция азаматтарға сақ болуды, қандай да бір төлем жасамас бұрын қызмет көрсетуші мекеменің уәкілетті өкілінің кім екенін нақтылап, төлемді тек ресми касса арқылы жүргізген жөн екенін ескертеді.
Сондай-ақ төлем жасалғанын растайтын түбіртек, чек немесе өзге де құжаттарды міндетті түрде сақтап қою қажет. Бұл мүліктік құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қаражатын қорғауға мүмкіндік береді.