Қоғам

Алматыда ҚазҰУ-дың студенті жұмбақ жағдайда қайтыс болды

Әзірге құқық қорғау органдары студенттің өліміне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапты, деп хабарлайды Qaz365.kz Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап. 

Басылым дереккөзінің мәліметінше, қайғылы оқиға 6 қараша күні кешке болған. Қаза тапқан бойжеткен Алматыға Шымкент қаласынан журналистика мамандығы бойынша білім алу үшін келген.

Оқиғадан кейін студенттер қалашығының аумағына полиция қызметкерлері мен университет өкілдері жиналған.

Дереккөздің айтуынша, сол түні жатақханада тұратын студенттерге бөлмелерінен шығуға және балконға шығуға тыйым салынған.

Қазіргі уақытта бойжеткеннің нақты неден көз жұмғаны белгісіз.

Студенттер арасында оның өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін деген болжам айтылып жатыр. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.

Сондай-ақ дереккөздің сөзінше, студенттерден оқиғаға қатысты ортақ чаттардағы хабарламаларды өшіру талап етілген. Оларға жазбалардың тексерілуі мүмкін екені ескертілген көрінеді.

Ulysmedia.kz редакциясы оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында Алматы қалалық полиция департаментіне ресми сауал жолдаған.

Әзірге құқық қорғау органдары студенттің өліміне қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.