Әлеумет

Алматыда жұбайын өлтірген бұрынғы полицейге үкім шықты

Бір жарым жыл бұрын болған қылмысқа қатысты сот талқылауы аяқталды.

Алматыда жұбайын пышақтап өлтірген бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимов 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот марқұмның жақындарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндіру туралы да шешім шығарды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.

Бір жарым жыл бұрын болған қылмысқа қатысты сот талқылауы аяқталды. Іс материалдарына сәйкес, 39 жастағы Накимов әйелін балаларының көзінше пышақтап өлтірген.

Бұған дейін жүргізілген екі сараптама айыпталушының қылмыс кезінде аффект жағдайында болғанын көрсеткен. Алайда сот бұл қорытындыларды жазаны жеңілдетуге негіз деп қабылдамаған.

Наурызбай аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша кінәлі деп таныды. Сотталған азамат жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді. Одан моральдық өтемақыдан бөлек, жәбірленуші тарап өкілдерінің қызметіне жұмсалған 3 миллион теңге де өндірілмек.

Марқұмның туыстары соттан өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Дегенмен шығарылған үкімге қанағаттанатынын айтты.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев те үкімге қанағаттанатынын жеткізді. Оның айтуынша, моральдық өтемақы мөлшеріне қатысты апелляциялық шағым берілуі мүмкін.