Президент Qarmet өндірісін аралады
Теміртаудағы Qarmet комбинатында өндірісті жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Кәсіпорынға барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болат балқытудың негізгі кезеңдерімен танысып, компанияның инвестициялық жобалары мен өндірістік жоспары жөнінде мәлімет алды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президентке домна пешінен шыққан шойынның болатқа айналу үдерісі көрсетілді. Конвертер цехында қорытылған болат алдымен үздіксіз құю қондырғысына, одан әрі илемдеуге жіберіледі. Осылайша бірнеше технологиялық кезеңнен өткен металл дайын өнімге айналады.
Өндірістің осы негізгі буынында 2024 жылы ауқымды жөндеу жүргізілген. №1 және №2 конвертердің корпустары толық ауыстырылып, заманауи конструкциялар орнатылды. Жаңғырту болат өндіру көлемін арттыруға, өнім түрлерін көбейтуге және жабдықтардың сенімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Сонымен бірге цехтағы бірқатар технологиялық үдерісті табиғи газға көшіру жұмыстары жүріп жатыр.
Qarmet директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев Президентке өндірістік көрсеткіштер мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуы туралы баяндады. Компания 2026 жылдың қорытындысы бойынша 4 миллион тонна болат, 3,6 миллион тонна көмір және 3,9 миллион тонна темір кені концентратын өндіруді жоспарлап отыр.
Компания жұмысын бастағалы бері салынған инвестиция көлемі 2,7 миллиард доллардан асқан. Бұл қаражат өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және жаңа өнеркәсіп нысандарын салуға бағытталды.
Qarmet көмір мен темір кенін өндіруден бастап дайын металл өнімін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Өзінің кеніштері мен энергетикалық базасы бар кәсіпорында шамамен 35 мың адам еңбек етеді. Соның 14 мыңнан астамы Теміртаудағы металлургия комбинатында жұмыс істейді.