Қоғам

Алтын құрамды кенді «мыс кені» деп шетелге шығармақ болғандар ұсталды

Жетісу облысында құны 1,5 млрд теңге болатын 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді елден заңсыз алып шығу әрекетінің жолы кесілді.

Шикізаттың нақты құрамын жасыру үшін кеден құжаттарында жүк «мыс кені мен концентраттары» деп көрсетілген. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

Тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған 1 000 тоннадан астам шикізат табылды.

Агенттіктің мәліметінше, заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталған.

Екі күдікті қамауға алынды. Соттың рұқсатымен серіктестіктің ақшалай қаражатына тыйым салынды.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеуге қатысты өзге мәліметтер жария етілмейді.