Саясат

Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторын қабылдады

Александр Дрозденко Қазақстанға сапары барысында Мемлекет басшысымен кездесті. Тараптар бірлескен жобалар мен сауда-экономикалық байланыстарды сөз етті.

Мемлекет басшысы Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
 
Кездесу барысында Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігін дамытуда өңіраралық ықпалдастықтың маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ленинград облысының өнеркәсіп және көлік-логистика салаларындағы айтарлықтай әлеуетіне тоқталып, Қазақстан аталған аймақпен тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін растады, - делінген Ақорданың хабарламасында. 

Президенттің айтуынша, Ленинград облысымен сауда-экономикалық қарым-қатынастар қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.

Александр Дрозденко қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Ресей Президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді. 

Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың батырлығы мен қаһармандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар олардың ерлігі туралы естеліктер көздің қарашығындай сақталатынына назар аударды.

Әңгімелесу барысында өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды.