Қазақстанда ең жоғары жалақы алатын дәрігерлер аталды
Қазақстанда жақ-бет хирургтерінің орташа айлық жалақысы 2,4 млн теңгеге, ал пластикалық хирургтердікі 2,1 млн теңгеге жеткен. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерін талдаған Бірінші кредиттік бюро сарапшылары хабарлады.
Зерттеуде қамтылған 180-нен астам дәрігерлік мамандықтың екеуінде ғана орташа айлық жалақы 2 млн теңгеден асады. Үшінші орында цитопатологтер тұр. Олардың орташа еңбекақысы – 1,3 млн теңге.
Жалақысы жоғары мамандар қатарына төтенше жағдайлар және апаттар медицинасының дәрігерлері, комбустиологтер, кардиологтер, рентгенхирургтер, кардиохирургтер мен ангиохирургтер де енген. Олардың орташа айлығы 729 мың мен 864 мың теңге аралығында.
Көрсеткіштер 2026 жылғы сәуірде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы ұйымдарда жүргізілген іріктемелі зерттеу негізінде есептелген. Сондықтан бұл сомалар аталған мамандықтар бойынша барлық дәрігердің жалақысын білдірмейді.
Сарапшылар рейтингтегі орындарға зерттеуге қатысқан ұйымдар мен қызметкерлер құрамының әсер ететінін атап өтті. Мәселен, қызметкері көп кәсіпорындарда зерттеуге олардың бір бөлігі ғана қатысады. Бес мың адам жұмыс істейтін ұйымда әрбір жүзінші қызметкер қамтылады.
Осы ерекшелік биылғы және былтырғы көрсеткіштердің айтарлықтай алшақ болуын түсіндіруі мүмкін. 2025 жылы орташа жалақысы 1 млн теңге болған кардиохирургтер көш бастаған. Ал жақ-бет және пластикалық хирургтердің орташа айлығы сол зерттеуде 500 мың теңгеден аспай, алғашқы жүздікке кірмеген.