Семейде жаңа туған сәбиді қоқысқа тастап кеткен бұрынғы полиция қызметкерлеріне үкім шықты
- авторОймақ
- Бүгін, 10:22
- 28
Іс материалдарына сәйкес, жантүршігерлік оқиға 2026 жылдың ақпан айының басында орын алған. Жергілікті полицияға Семейдегі қоқыс жәшіктерінің бірінен сәби денесі табылғаны туралы хабарлама түскен. Алғашқы іздестіру шаралары барысында үйде жасырын босанған 2005 жылғы бойжеткен мен оның 2000 жылы туған жігіті ұсталды. Тергеу деректері бойынша, сәби туған сәтте тірі болған, кейін оны көлікпен апарып, қоқыс жәшігіне тастап кеткендіктен бала суықтан үсіп өлген.
Сот шешімімен баланың анасы Қылмыстық кодекстің 100-бабы («Ананың жаңа туған баласын өлтiруi») бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда ол «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес жазаны өтеуден босатылды және полиция кіші сержанты шенінен айырылды. Ал екінші сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі («Жас баланы өлтiру») бойынша кінәлі деп танылып, төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу шартымен өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол полиция аға лейтенанты арнаулы атағынан жұрдай болды.
Сотталушылар тағылған айыпты мойындамағанымен, олардың кінәсі смс-хабарламалар, WhatsApp жазбалары және сот-медициналық сараптамалардың қорытындысымен толық дәлелденді.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




