Төрт облыста қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін
15 қазанда Алматы, Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстарында қар аралас жаңбыр мен қар күтіледі. ҚазАвтоЖол жүргізушілерге республикалық маңызы бар жолдарда көктайғақ болуы мүмкін екенін ескертті.
Компанияның мәліметінше, жауын-шашын салдарынан жолдардың жекелеген бөліктерінде көріну қашықтығы төмендеп, жол беті тайғақ болуы ықтимал.
«Жүргізушілерге ауа райын ескеріп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды, жол жағдайына қарай жылдамдықты таңдауды және оқыс маневр жасамауды ұсынамыз», — делінген хабарламада.
Синоптиктердің болжамынша, бүгін елдің шығысы мен оңтүстік-шығысында кей уақытта қатты жаңбыр мен қар жауады. Шығыста көктайғақ күтіледі. Ал республиканың орталығы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы болжанып отыр.