Қоғам

Алматыда жаппай улану салдарынан 47 оқушы ауруханаға түсті

лматыда Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы ауыр ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түсті.

Оқушылардың туыстары бұл жағдай туралы кеше кешке Threads әлеуметтік желісінде жазған.

"Алматыдағы РФММ, бұл не сұмдық! Қайда қарап отырсыздар?! Жиендерім ауруханаға түсті. Тек менің туыстарымның балалары ғана емес, басқа ата-аналардың да балалары уланып ауруханаға түскен. Кейбірінен ішек таяқшасы анықталған. Негізінен интернатта тұратын балалар ауырған. Бұған қалай жол бердіңіздер", “Оқиғаның болғаны расталды. Сараптаманың қорытындысын күту керек”, "Сәл қателестіңіз-ау, мені қосқанда 85-ке жуық оқушы ауруханаға түсті. Мен де осы мектепте оқимын”, – деп жазды желідегілер.

Бүгін таңертең Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы оқушылардың уланғанын растады.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 12-13 қазанда жіті ішек инфекциясының белгілерімен Республикалық физика-математика мектебінің 47 оқушысы Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасына жатқызылған. Қазір олардың барлығы дәрігерлердің бақылауында.

Тағы сегіз бала интернатта оқшауланып, медициналық бақылауға алынған.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылды. Мамандар тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алған.

Жағдай жауапты қызметтердің бақылауына алынды.