Айбек Оралбай мансабына қатысты қызықты мәліметтерді бөлісті
Салмақ дәрежесін өзгерту туралы ұсынысты алғаш болып жеке бапкері Асқар Еркебаев айтқан.
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай суперауыр салмақ дәрежесіне ауысуына не себеп болғанын және жекпе-жектерге қалай дайындалатынын айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасап.
Боксшының айтуынша, салмақ дәрежесін өзгерту туралы ұсынысты алғаш болып жеке бапкері Асқар Еркебаев айтқан. Алайда спортшы бұл шешімді бірден қабылдамаған.
Ол біраз уақыт 90 келі салмақта өнер көрсетіп, кейін 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде де күш сынап көрген. Осылайша жаңа санаттың өзіне қаншалықты қолайлы екенін бағалауға мүмкіндік алған.
Оның сөзінше, жаңа салмақтағы алғашқы маңызды жарыстардың бірі Таиландта өткен Азия чемпионаты болған. Сол додада ол чемпион атанған.
Кейін Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында суперауыр салмақта өзін еркін сезінетінін түсініп, осы санатта біржола қалуға шешім қабылдаған.
Айбек Оралбай суперауыр салмақта өнер көрсету үшін міндетті түрде дене салмағын арттыру қажет деген пікірмен келіспейді.
Боксшының айтуынша, бұл салмақта қарсыластардың дене бітімі мен салмағы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, өзі 100 келі тартса, қарсыласының салмағы 125 немесе 135 келіге жетуі ықтимал.
Соған қарамастан ол салмағын әдейі көбейтпеуді жөн көрген. Өйткені артық салмақ қимыл-қозғалысты баяулатып, рингтегі жылдамдыққа кері әсер етуі мүмкін.