Қазақстанда емханалардың жұмысын бағалау жүйесі өзгереді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Енді алғашқы медициналық-санитариялық көмек (АМСК) ұйымдарының қызметі маманның консультациясын күту уақытына, диагностикалық тексерулердің уақтылы өтуіне және стационардан шыққан соң пациентті әрі қарай бақылау деңгейіне қарай бағаланады. Жұмыс сапасын анықтау үшін бірыңғай 100 балдық жүйе енгізіліп, көрсеткіштер цифрлық ақпараттық жүйелердің мәліметтері негізінде әр тоқсан сайын автоматты түрде есептеледі. Сондай-ақ аурулардың алдын алу, балаларды жоспарлы вакцинациялау, скринингтерден өту және қатерлі ісікке күдік туындаған кездегі диагностиканың мерзімі де жеке ескерілмек.
«Біз үшін емханалардың жұмысын формалды бағалаудан арылу маңызды. Басты критерий – көрсетілген көмектің сапасы. Нәтижесінде пациент не алады: қажетті маманға қаншалықты жылдам қаралды, уақтылы диагностикадан өтті ме және емделгеннен кейін бақылауды жалғастырды ма – бастысы осы. Ол үшін мәліметтер автоматты әрі объективті түрде қалыптасуы тиіс. Бүгінде ақпарат бірнеше цифрлық ресурста орналасқан. Сондықтан біздің міндетіміз – оларды интеграциялап, бағалаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру», – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Стандарттың жаңа редакциясында АМСК деңгейіндегі медициналық көмектің көлемі нақты белгіленген. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлеміне кіретін қызметтер, оның ішінде алғашқы буын мамандарының қабылдауы, шұғыл көмек кабинетінің қызметі, ЭКГ, флюорография және негізгі талдаулар пациенттің МӘМС жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан көрсетіледі. Сонымен қатар пациенттер емханаға қайта келмес үшін тексеру нәтижелері мен алғашқы қабылдаудан кейінгі ұсынымдар медициналық жүйе арқылы жеке кабинетке автоматты түрде жолданады.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





