Әлем

АҚШ өз азаматтарын оба қаупіне байланысты Ресейден дереу кетуге шақырды

АҚШ-тың Ресейдегі елшілігі өз сайтында РФ аумағында жүрген және бұл елге баруды жоспарлап отырған америкалықтарға ескерту жариялады.

Елшілік Иркутск облысында өлімге әкеліп соқтырған өкпе обасының ықтимал жағдайы, сондай-ақ Иркутскідегі карантиндік шаралар мен ауруханалардың жабылуы туралы БАҚ-тағы ақпаратты бақылап отырғанын хабарлады.

"АҚШ Мемлекеттік департаменті қазіргі уақытта РФ аумағында жүрген ел азаматтарын елден дереу кетуге шақырады. Ресейге сапар шегуді жоспарлап отырған АҚШ азаматтарына сапардан бас тарту ұсынылады", - делінген хабарламада.

Елшілік өкілдері АҚШ үкіметінің Ресейдегі, әсіресе Мәскеуден тыс жерлердегі өз азаматтарына көмек көрсету мүмкіндігі өте шектеулі екенін атап өтті.

РФ аумағында жүрген америкалықтарға жергілікті денсаулық сақтау органдарының нұсқауларын орындау, шектеу қойылған медициналық мекемелерден аулақ болу және қызуы көтерілген немесе респираторлық белгілер пайда болған жағдайда дереу көмекке жүгіну ұсынылды.

Ықтимал індет ошағы ауданында болғандарға 14 күн бойы денсаулық жағдайын бақылауға кеңес беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін БАҚ-та Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институттың қызметкері қайтыс болғаны, оның оба жұқтыруы мүмкін екені хабарланған еді. Болжам бойынша, марқұм диагностика үшін биоматериал жинау кезінде зертханада ішінде қауіпті бактериясы бар шыны түтікті абайсызда сындырып алған.

Алайда Иркутск облысында көз жұмған 28 жастағы әйелдің өліміне шығу тегі белгісіз пневмония себеп болғаны айтылды.

Көп ұзамай Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ресейде аса қауіпті инфекцияға күдік туындаған жағдайдан кейін елімізде қандай шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.