Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 қазанда Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері өзге де құқық қорғау органдарымен бірлесіп, есірткінің заңсыз айналымының жолын кесті.
Ақтау қаласының 32-шағын ауданында синтетикалық есірткіні аса ірі мөлшерде заңсыз айналымға шығарды деген күдікпен екі ер адам ұсталды.
Тінту барысында және олардың уақытша тұратын жерінде тергеу іс-шараларын жүргізу кезінде синтетикалық тектес зат салынған көптеген түйіншектер, электронды таразы, орауыш материалдар және тергеу үшін маңызы бар басқа да заттар табылып, тәркіленді.
Сонымен қатар қаланың бірнеше шағын ауданының аумағын тексерген полиция қызметкерлері ұқсас зат салынған жасырын орындарды (закладка) анықтады.
Жалпы салмағы шамамен 200 грамм болатын синтетикалық есірткі заты салынған 41 түйіншек тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





