Қоғам

Көлік министрлігі жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды

Ауа райы күрт нашарласа, министрлік сапарды кейінге қалдыруға кеңес берді.

Алдағы күндері Қазақстанның солтүстігі мен орталығында жаңбыр аралас қар жауып, жел күшейіп, күн суытады. Осыған байланысты Көлік министрлігі жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Министрлік мәліметінше, жауын-шашын мен тұман салдарынан жолдағы көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін. Республикалық және жергілікті жолдардағы жағдай күн ішінде ауа райына қарай өзгеріп отырады.

Жүргізушілерге жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын және баратын бағыттағы жолдың жағдайын тексеру ұсынылды. Сондай-ақ қауіпсіз жылдамдықты таңдап, алдағы көлікпен арақашықтықты сақтау қажет.

Көпірлерде, жол өткелдерінде және ашық даламен өтетін жол бөліктерінде ерекше сақ болған жөн. Ауа райы күрт нашарласа, министрлік сапарды кейінге қалдыруға кеңес берді.

Бұған дейін синоптиктер 6–8 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болатынын ескерткен. Атмосфералық ағындардың әсерінен бірқатар өңірде жаңбыр мен қар жауады.