"Зияд Ишаиштен есемді қайтардым": Төрехан Сабырхан чемпион атанғаннан кейін сұхбат берді
- авторОймақ
- Бүгін, 10:20
- 13
Боксшы Төрехан Сабырхан жазғы Азия ойындарында чемпион атанғаннан кейін сұхбат берді. Ол финалда иорданиялық Зияд Ишаишті жеңіп, көктемде өткен Азия чемпионатындағы жеңілісінің есесін қайтарғанын айтты, деп хабарлайды Oimaqnews.kz turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.
«Алдыңғы Азия чемпионатында қарсыласымды мойындап, жекпе-жектен шығып кеткен едім. Бүгінгі кездесуде екі раундты алып тұрдым. Үшінші раундта да міндетті түрде ашық бокстасудың қажеті жоқ еді. Аяқпен қашып, өз стилімде ойнап жүре берсем де болатын еді. Бірақ бұған дейін кеткен қарсыластарым бар. Солар үшін де қазақтың жігіттері қандай екенін дәлелдегім келді. Олардың кеткен есесін қайтарғым келді.
Қазақстанда жүргенде-ақ өзіме «Қалай да осы жарысқа барып, чемпион боламын» деп мақсат қойғанмын. Әрине, басқа қарсыластарды да жеңу керек болды. Бірақ дәл Иорданиялық боксшы Зияд Ишаишпен кездесіп, одан кегімді қайтарғым келді. Бүгін сол мақсатым орындалып, есемді қайтардым», – деді спортшы Qazsport арнасына берген сұхбатында.
Сондай-ақ ол қолдау көрсеткен қазақ халқына алғыс айтып, Астанада өтетін әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алуға ниетті екенін жеткізді.
«Қазақ еліне, көп рақмет! Әлеуметтік желіде халық өз тілектерін жазып жатыр. Шүкір! Азия ойындары төрт жылда бір рет өтеді. Ұзақ уақыттан кейін алғашқы алтынды алып отырғаныма қуаныштымын.
Ағам екеуміздің әлем чемпионатынан кейінгі армандаған жарысымыз осы еді. Ливерпульдегідей екі алтын алсақ деп едік. Махмұдта – қола, менде – алтын. Енді Астанада өтетін әлем чемпионаты бар. Сол жерде тағы да алтын әкелеміз деп сенемін», – деді ол.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.




