Әлеумет

Ақша бопсалады деген күдікпен Сарығаш ауданының тұрғыны ұсталды

Тінту барысында күдіктіден телефон мен 5 миллион теңге көлеміндегі ақша табылып, тәркіленді.

Түркістан облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ақша бопсалады деген күдікпен Сарыағаш ауданының 38 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам Шымкент қаласының тұрғынынан ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, 5 миллион теңге талап еткен. Тінту барысында күдіктіден телефон мен 5 миллион теңге көлеміндегі ақша табылып, тәркіленді.

Анықталғандай, ер адам бұған дейін ұрлық пен есірткі заттарын сақтау деректері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.