Қазақстанда университеттегі оқу мерзімін қысқарту ұсынылды
Қазақстанда кейбір мамандықтар бойынша жоғары білімді үш жылда алуға мүмкіндік беру ұсынылды.
Депутат Махамбет Хасеновтің айтуынша, бұл жастардың жұмысқа ертерек орналасып, тәжірибе жинауына және табыс табуына жол ашады.
Ұсыныс барлық мамандықтың оқу мерзімін бірдей қысқартуды көздемейді. Депутат әр саланы жеке қарастырып, үш жылда сапалы маман даярлауға болатын білім беру бағдарламаларын анықтау қажет екенін айтты.
Әсіресе IT, цифрлық технологиялар, маркетинг, қызмет көрсету және туризм бағыттарына назар аударылып отыр. Бұл салаларда жұмыс берушілердің талабы мен технологиялар тез өзгереді.
Оның түсіндіруінше, үш жылдық оқу бағдарламаны жай ғана қысқарту деген сөз емес. Студент қажетті білім мен дағдыларды сақтай отырып, оларды тиімдірек оқу тәртібі арқылы меңгеруі тиіс. Мұндай бағдарламаларды әзірлегенде жұмыс берушілердің сұранысы, кәсіби талаптар және түлектің өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі ескерілуі керек.
Депутат тиісті министрліктерге, «Атамекен» палатасына және бизнес өкілдеріне осындай бағдарламаларды бірлесіп анықтауды ұсынды. Алдымен жекелеген бағыттарда пилоттық жобалар іске қосылып, жазғы семестр мен кәсіпорындардағы тәжірибені кеңінен қолдану қарастырылмақ.
Бұл ұсыныстың артында кадр тапшылығы мәселесі тұр. Депутат келтірген дерек бойынша, 2035 жылға дейін Қазақстан экономикасына 2,9 млн маман қажет болады. Оның 1,8 миллионы — жұмысшы кәсіп өкілдері.
Хасеновтің айтуынша, маман жетіспесе, жаңа зауыт пен сатып алынған жабдықтың өзі толық нәтиже бермейді. Кәсіпорындар қызметкер іздеуге және оны қайта оқытуға уақыт пен қаражат жұмсайды, ал жұмыс істеп жүрген адамдарға қосымша міндет жүктеледі.
Үш жылдық оқыту әзірге ұсыныс ретінде айтылды. Қай мамандықтарға енгізілетіні және қашан басталатыны туралы нақты мерзім көрсетілмеген.