Спорт

Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасында күміс жүлде алды

Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасының соңғы турында Польшамен 2:2 есебімен тең ойнап, күміс медаль жеңіп алды.

16 жастағы Елназ Қалиахмет дәл алдыңғы турдағыдай аса маңызды жеңіске жетті. Ол 45-ші жүрісте әйелдер арасындағы гроссмейстер Алисия Сливицканы жеңді.

Бибісара Асаубаева мен Меруерт Қамалиденова өз партияларында тең түсті. Ал Алуа Нұрман ақ тастармен ойнап, екінші тақтада Александра Мальцевскаядан жеңілді. Қалиахметтің жеңісі Қазақстан құрамасына матчты тең аяқтап, күміс медаль иеленуге мүмкіндік берді.

Самарқандағы Олимпиаданың алтын жүлдесін Қытай құрамасы жеңіп алды. Қытайлық шахматшылар соңғы турда Вьетнамды 3:1 есебімен ұтты. Қытай құрамасы турнирдің басым бөлігінде көш бастап, нәтижесінде Олимпиада чемпионы атанды.

Чемпиондар тоғыз матчта жеңіске жетіп, екі рет тең түсті. Олар Қазақстан және Үндістан құрамаларымен тең ойнаған. Қытай құрамасы турнир барысында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Қазақстандық қыздар да Олимпиадада жеңіліссіз өнер көрсетті.

Қазақстан-Польша 2:2

IM Оливия Келбаса (2386) – GM* Бибісара Асаубаева (2536) 0,5:0,5;

IM Алуа Нұрман (2455) – IM Александра Мальцевская (2363) 0:1;

IM Клаудиа Кулон (2375) – IM Меруерт Камалиденова (2413) 0,5:0,5;

WIM Елназ Калиахмет (2347) – WGM Алисия Сливицка (2324) 1:0.

GM – гроссмейстер, WGM – әйелдер арасындағы гроссмейстер, IM – халықаралық шебер, WIM – әйелдер арасындағы халықаралық шебер.

Қазақстанның ерлер құрамасы соңғы турда Вьетнаммен 2:2 есебімен тең ойнап, қорытынды есепте 25-орынға тұрақтады.

Ал алтын жүлдені күткендегідей Өзбекстан құрамасы жеңіп алды. Өзбекстандықтар соңғы турда Украина құрамасын 2,5:1,5 есебімен ұтты.

11-тур. 27 қыркүйек. Ерлер

Қазақстан-Вьетнам 2:2

GM* Денис Махнев (2568) – IM Дау Хуонг Дуй (2509) 1:0;

IM Бан Гиа Хай (2464) – IM Сауат Нұрғалиев (2493) 0,5:0,5;

GM Ансат Алдияр (2495) – IM Нгуен Куок Хи (2428) 0:1;

IM Фам Нян Гиа Фук (2424) – GM Жандос Агманов (2490) 0,5:0,5.

GM – гроссмейстер, IM – халықаралық шебер.

Самарқанда өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасына 398 команда, 1974 шахматшы және 240 гроссмейстер қатысты.

Олимпиада қорытындысы бойынша Лорд Фредерик Густавус Гамильтон-Рассел кубогы Өзбекстан құрамасына табысталды. Ал Қытай әйелдер құрамасы Вера Менчик кубогына ие болды.

Екі құраманың қорытынды көрсеткіштері бойынша орындардың ең төменгі жиынтығына қол жеткізген Үндістан Нона Гаприндашвили кубогымен марапатталды.