Студенттер сарайының төбесі опырылып түскен: университет жауап берді
- авторОймақ
- Бүгін, 11:11
- 17
Әлеуметтік желіде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының ішкі жабындары шатырдан бастап төмен қарай опырылғаны туралы ақпарат пен сурет тарады. Осыған байланысты университеттің баспасөз қызметі нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
ҚазҰУ мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Ғимарат шамамен 30 жыл пайдаланылғанымен, осы уақыт ішінде күрделі жөндеу немесе қайта жаңғырту жүргізілмеген. Университет мұның салдарынан құрылыс құрылымдары мен инженерлік жүйелер тозғанын мәлімдеді.
2023 жылы арнайы ұйым ғимараттың техникалық жағдайын тексерген. Сараптама барысында темірбетон арқалықтарының бір бөлігі жоқ екені, жертөледе темірбетон қабырғалар болмағаны, кей бағандар тот басып, ішінара бұзылғаны анықталған. Сондай-ақ бағандардың қисайғаны, арқалықтар мен бағандардың түйіскен жерлері бұзылғаны және ғимараттың кей бөліктеріндегі темірбетон арқалықтары иілгені тіркелген.
Бұдан бөлек, қасбеттің жылу оқшаулағыш қабаты толық бұзылып, шатырдың металл құрылымдары тот басқаны және кей тұстары майысқаны анықталған.
Университеттің мәлімдеуінше, бұл деректер ғимараттың бастапқыда құрылыс талаптары өрескел бұзылып пайдалануға берілгенін көрсетеді. Кейбір күрделі ақауларды ішкі әрлеу жұмыстарын алып тастамай анықтау мүмкін болмаған.
ҚазҰУ 2024 жылғы қаңтарда Алматы мен оған іргелес аумақта болған жер сілкіністері ұзақ уақыт пайдаланылған әрі зақымдары бар ғимарат құрылымдарына қосымша әсер етуі мүмкін екенін де атап өтті.
Университет Студенттер сарайын сақтап, қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Қайта жаңғырту кезінде ғимараттың беріктігі мен студенттер, қызметкерлер және келушілердің қауіпсіздігіне басымдық берілмек.
Сонымен бірге ҚазҰУ таратқан мәлімдемеде әлеуметтік желідегі суретте көрсетілген жағдайдың қайта жаңғырту кезіндегі бөлшектеу жұмыстары ма, әлде құрылымдардың өздігінен опырылуы ма екені нақты айтылмаған.
Оймақ
Қазақстан және шетел ақпараттарын тарататын, түрлі оқиғаларға мамандар көзқарасы мен арнайы сараптама ұсынатын медиа құралы – Oimaqnews.kz. Ойлана білгенге оймақтай ойдың да берері мол.





