19 жастағы студент қыз пышақ жарақатынан көз жұмды
Қылмыс жасады деген күдікпен 24 жастағы ер адам ұсталды.
Семей қаласының шетіндегі Водный кентінде 19 жастағы студент қыз пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмыс жасады деген күдікпен 24 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Arasha.kz. сайтына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 21 қыркүйекте тұрғын үйлердің бірінің маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, сол сәтте көшеден айқай-шудың дауысы естілген. Артынша тұрғындар жараланған бойжеткенді байқап, оған алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрекет жасаған.
Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция келгенімен, дәрігерлер қыздың өмірін сақтап қала алмаған. Оның денесіне қанша пышақ жарақаты салынғаны әзірге жарияланған жоқ.
Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм мен күдіктінің арасында жанжал болған. Куәгерлер олардың бір-бірімен ұрысып қалғанын айтқан. Кей ақпаратта ұсталған ер адамның қыздың бұрынғы жігіті болуы мүмкін екені көрсетілген. Алайда бұл деректі полиция әзірге ресми растаған жоқ.
Қаза тапқан қыз Семейдегі «Қайнар» колледжінің үшінші курсында оқыған. Оқу орнының мәліметінше, ол сабағын жақсы оқып, тәртібімен көзге түскен. Үздік студент ретінде оның суреті колледждің Құрмет тақтасына да орналастырылған. Қайғылы жағдай болған күні таңертең бойжеткен сабаққа қатысқан.
Семей қалалық полиция басқармасы аталған факті бойынша адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, 19 жастағы қыз бен 24 жастағы ер адам бір-бірін бұрыннан таныған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында отыр.