Спорт

Луценко қоржынға тағы бір алтын салды

Бұл – отандық велошабандоздың Азия ойындарына төртінші рет қатысуы.

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Жапонияның Айти–Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында екінші алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап. 

Ұлттық құрама көшбасшысы тасжолдағы велоспорттан ерлер арасындағы 160,5 шақырымдық топтық жарыста 4 сағат 13 минут 11 секунд нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті. Бұл бәсекеде отандасымыз Евгений Федоров жеңімпаздан 1 минут 58 секундқа қалып, күміс жүлдені иеленсе, қола медаль жапониялық Юхэй Тодомеге бұйырды. Сонымен қатар ұлттық құраманың тағы бір өкілі Николя Винокуров жарысты жетінші орынмен аяқтады.

Бұл – Алексей Луценконың биылғы Азия ойындарындағы екінші алтын жүлдесі. Бұған дейін, 20 қыркүйекте ол жекелей сын жарысында 41 минут 24,05 секунд нәтижемен топ жарған болатын. Осылайша, спортшы Азиада-2026 додасында алтын дубль жасап, құрлықтық біріншіліктегі чемпиондық титулдар санын алтыға жеткізді.

Айта кету керек, бұл – отандық велошабандоздың Азия ойындарына төртінші рет қатысуы. Ол алғашқы алтынын 2014 жылы Инчхонда еншілесе, 2018 жылы Джакартада екі алтын, ал Ханчжоуда өткен бәсекеде бір алтын мен бір күміс медаль жеңіп алған еді. Жапониядағы жеңісті нәтижелерінің арқасында Луценко өзінің жүлде қоржынын тағы екі алтынмен толықтырды.