Руханият

"Ақиқат" журналының 105 жылдығы атап өтілді

"Заман мен зиялы мінбері" атты ғылыми конференция өтті.

Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының 105 жылдығына орай  «Заман мен зиялы мінбері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Kazgazeta.kz сайтына сілтеме жасап. 

Салтанатты шара Мемлекет басшысы аңызға айналған басылымды мерейтойымен құттықтауынан басталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, дәстүрлі баспасөз сапалы сараптама мен жауапты журналистиканың негізгі тірегінің бірі болып қала береді.

Жиын барысында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хатын «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Ержан Байтілес оқып берді.

 Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы ҰҒА Президенті Ақылбек Күрішбаев, журнал ардагерлері Сарбас Ақтаев, Жанболат Аупбаев, тарихшы Хангелді Әбжанов және басқа ғалымдар қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында  сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевтың хатын Жанай Омаров, ал, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың құттықтауын бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Эльмира Рамазанқызы журнал ұжымына табыстады. 

Ғасырлық жолды жүріп өткен журналдың түп негізі тарихи Орынбор қаласынан, 1921 жылдың 15 қыркүйегінен бастау алады. Ол кезде «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген басылымның алғашқы бас редакторы мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Абдолла Асылбеков болды. Журналда қазақ ұлтының тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен, ғылымы мен білімінен ойып тұрып орын алған белгілі тұлғалар қызмет атқарды.

Ораз Жандосов, Смағұл Садуақасов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов, Ғаббас Тоғжанов, Ерғали Алдоңғаров және тағы да басқа ел ардақтыларының қолтаңбасы қалған басылым өз заманының үнін жеткізіп, ұлт баспасөзінің айнасы бола білді. Уақыт өте келе басылым атауы бірнеше рет өзгергені мәлім.Атап айтқанда, «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген атпен жарық көрді. Мерекелік іс-шара барысында «Aqiqat»  журналының бас редактордың орынбасары, журналист Дина Имамбай журнал тарихынан баяндама жасады.

Сонымен қатар басылымда еңбек еткен қаламгерлер естеліктерін бөлісті.

«Ақиқат» журналының 105 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция барысындағы маңызды сәттің бірі – басылым тарихына арналған «Алаштың «Ақиқаты» атты кітаптың тұсаукесері болды.

 Жиын соңында «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Ержан Байтілес журналдың ардагері Сарбас Ақтаевты «Парламентке 30 жыл» медалімен марапаттады.