Қоғам

Айыппұлды елемесе, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылады

Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді.

Қазақстанда жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында жүргізушілер үшін «баллдық» жүйе енгізіліп, оң рульді көліктерді такси қызметінде пайдалануға тыйым салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап елімізде такси агрегаторларына бақылау күшейтіліп, цифрлық ақпарат алмасу жолға қойылды. Осы жүйе аясында такси компанияларына 70 мың оң рульді көліктің тізімі жіберілген. Сонымен қатар жүргізуші куәліктерін автоматты түрде тексеру енгізіліп жатыр, бұл құжаты жоқ азаматтардың жолаушылар тасымалдауына жол бермейді.

Бұдан бөлек, Көлік министрлігі мен такси агрегаторлары бірлесіп, жүргізушілердің рейс алдында медициналық тексеруден өтуін және көліктердің техникалық жағдайын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді жоспарлап отыр.

«Ең үздік халықаралық тәжірибені зерделеп, енгізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта айыппұлды елемейтін «өрескел» құқық бұзушылар бар. Олармен күресу мақсатында “баллдық” жүйені енгізуді пысықтаудамыз. Ол – әрбір заңбұзушылықты және оның ауырлығын ескереді. Айыппұлмен қатар, бірнеше мәрте және ауыр бұзушылықтар үшін – жүргізуші куәлігін 1 жылға тоқтату көзделеді», – деді Ержан Сәденов.