Ішкі істер министрлігі ата-аналарға үндеу жолдады
Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі барлық кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ студенттер мен жеке кәсіппен айналысып жүрген жастарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басталуымен полиция қызметкерлері еліміздің барлық мектептері мен оқу орындарын профилактикалық іс-шаралармен қамтыды.
Жалпы 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара өткізілді, оның 5 мыңнан астамы тәжірибелі ұстаздар, психологтар және нарколог-дәрігерлердің қатысуымен ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда елімізде есірткі қылмыстары үшін 69 жасөспірім ұсталды. Оның ішінде 40-ы есірткі өткізгені, 27-сі аса ірі мөлшерде сақтағаны, екеуі есірткі жарнамалағаны және насихаттағаны үшін ұсталған. Атап өту керек, ұсталғандардың 52-і ұл, 17-сі қыз.
ІІМ есірткі қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық 16 жастан басталатынын еске салып, балалардың құқықтық тәрбиесіне белсенді қатысуға шақырды.