Алматы облысында 23 жастағы жігіт оққа ұшты
Оқиға Шонжы ауылында болған.
Алматы облысында төбелес кезінде 23 жастағы жігіт ажал құшты. Оқиға Шонжы ауылында болған. Қазір қанды қылмысқа күдікті ретінде екі адам ұсталды. Қара жамылған отбасы тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр, деп хабарлайды turkystan.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай екі ай бұрын болған. Шонжы ауылындағы дәмханалардың бірінде ауылдастар ерегесіп, артынша төбелескен көрінеді.
Марқұм Алмастың оң жақ кеуде тұсына бытыра мылтығының 14 оғы тиген, дейді туыстары.
Сламжановтар отбасы екі ай бұрын қапыда ұлынан айырылған. Зар жылаған ана мен көз жасын көрсеткісі келмеген әке тұңғышын сағынышпен еске алады. Жақындары жалындаған жастық шағында «баламыздың кісі қолынан қаза тапқаны жанымызға қатты батады» дейді. Марқұм Алмастың артында екі қызы мен жұбайы қалды.
Алмас спортқа бейім еді, дейді жақындары. Тіпті қазақ күресінен спорт шебері атағына үміткер болыпты. Марқұм соңғы уақытта ауылындағы құс фабрикасында жұмыс істеген екен. Оқиға болар күні де үйінен «жұмысқа кеттім» деп шығыпты. Ал түнде жақындарына қаралы хабар жеткен.
Қанды қылмыс Шонжы ауылындағы орталық көшеде орналасқан дәмхананың алдында болған. Түнгі бір жарым шамасында кафеден шыққан тұтынушы мен Алмас ерегесіп, артынша төбелескен көрінеді. Содан кейін 33 жастағы азамат тұрақта тұрған көлігінен бытыра мылтығын алып шығып, Алмастың оң жақ кеуде тұсынан атыпты. Жараланған жігіт ауруханаға бара жатқан жолда жан тапсырған.
Қазір күдікті ретінде екі адам қамауға алынған. Олардың қолында мылтықтың қайдан пайда болғаны алдағы уақытта анықталмақ. Ол үшін тиісті сараптамалар тағайындалды, дейді Облыстық полиция департаменті.
23 жастағы жігіт қыршыннан қиылған бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алмас Сламжановты атқан адамның кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.