Меруерт Балғынбаева, бапкер: Нәтиже тек талантпен келмейді
Көркем гимнастика – тек асқан нәзіктік пен әсемдіктің ғана емес, темпі жоғары тәртіп пен темірдей төзімділіктің спорты. Жақында Чехияның Брно қаласында өткен Гран-при кезеңінде қазақстандық гимнаст Ақмарал Ерекешева бес бірдей медальды еншілеп, ел мерейін үстем етті. Осы айтулы жетістіктен кейін біз Ақмаралдың жеке бапкері, ұлттық құраманың білікті маманы Меруерт Балғынбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Ақмарал Брнода бір алтын, төрт күміс жеңіп алды. Бапкер ретінде бұл нәтижеге қаншалықты көңіліңіз толды? Қай жаттығуда оның мүмкіндігі бұдан да жоғары еді деп ойлайсыз?
– Әрине, Ақмаралдың нәтижесіне көңілім толады. Бұл жарыс біз үшін маңызды дайындық кезеңдерінің бірі болды. Дегенмен біздің негізгі мақсатымыз – алдағы Азия ойындары. Сондықтан бүкіл дайындықты сол додаға бағыттап отырмыз. Қазіргі жарыстардағы нәтижелер арқылы қай тұстарды жақсарту керек екенін көріп, Азия ойындарына барынша дайын күйде баруға тырысамыз.
– Алда Азия ойындары тұр. Брнодағы нәтиже Ақмаралдың Азия ойындарында медальға таласа алатынын көрсетті деуге бола ма? Негізгі қарсыластары кімдер?
– Азияда бәсекелестік өте жоғары. Соңғы жылдары Азия елдеріндегі көркем гимнастиканың деңгейі айтарлықтай өсті, мықты спортшылар көп. Соған қарамастан соңғы әлем чемпионаты мен халықаралық жарыстардағы нәтижелер біздің де жоғары орындар үшін күресе алатынымызды көрсетіп отыр. Біздің міндетіміз – өзімізге байланыстының бәрін жасау, дайындықты жоғары деңгейде өткізіп, жарыста бағдарламамызды барынша таза орындау. Ал жарыстың қалай өрбитінін сол жерде көреміз. Әрине, медаль үшін күресуге мүмкіндік бар.
– Ақмаралдың үлкен спорттағы әлеуетін қалай бағалайсыз? Оны алдағы уақытта әлем чемпионаты мен Олимпиада жүлдесіне таласатын гимнаст ретінде көресіз бе?
– Ақмаралдың әлеуеті жоғары деп есептеймін. Бірақ үлкен спортта алдын ала нақты болжам жасау оңай емес. Нәтиже тек талантқа байланысты емес. Күнделікті еңбек, тұрақтылық, психологиялық дайындық, денсаулық және маңызды жарыстарда өз мүмкіндігіңді толық көрсете білу – бәрі үлкен рөл атқарады. Біздің мақсатымыз әрдайым жоғары. Сондықтан Ақмаралдың деңгейін одан әрі көтеріп, әлемнің үздік гимнасттарымен бәсекеге түсе алатындай дайындау үшін жұмыс істейміз. Әлем чемпионаты мен Олимпиада – кез келген спортшы мен бапкер ұмтылатын ең үлкен белестердің бірі.
– Көркем гимнастикадағы бапкерлік жолыңыз қалай басталды? Өзіңізді осы мамандыққа алып келген не нәрсе?
– Бапкерлік жолымды өте ерте бастадым. Спорттық мансабымды аяқтағаннан кейін, 19 жасымда-ақ бапкерлікке келдім. Негізі, сегізінші сыныптан бастап болашақта бапкер болғым келетінін нақты білетінмін. Университеттің үшінші курсында оқып жүрген кезімде жұмысқа кірісіп, алғашқы шәкірттерімді жинадым. Содан бері бар күш-жігерімді осы мамандыққа арнап келемін.

– Көркем гимнастикада талант маңызды ма, әлде тәртіп пен күнделікті еңбек маңыздырақ па?
– Әрине, таланттың маңызы бар. Бірақ тек талантпен алысқа бара алмайсың. Көркем гимнастикада еңбекқорлық, тәртіп және күн сайын өзіңмен жұмыс істеу әлдеқайда маңызды. Өз тәжірибемде табиғи таланты өте жоғары болмаса да, еңбекқорлығының арқасында үлкен нәтижелерге жеткен балаларды көп көрдім. Тіпті кей жағдайда еңбекқор балалар талантты спортшылардан да жоғары нәтиже көрсетті. Сондықтан таңдау керек болса, мен еңбекқорлықты бірінші орынға қояр едім.
– Шәкіртпен жұмыс істегенде қаталдық пен қолдаудың арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?
– Бапкер үшін талапшылдық міндетті түрде болуы керек. Бірақ талапшылдықты қатігездікпен шатастыруға болмайды. Спортта тәртіп пен жауапкершілік қажет, сондықтан кейде қатал болуға тура келеді. Сонымен қатар спортшыға қолдау да өте маңызды. Баланы, әрине, ең алдымен анасы мен отбасы қолдайды. Бірақ жаттығу залында, жарыстарда, қиын сәттерде оның жанында үнемі болатын адамдардың бірі – бапкер. Сондықтан қай кезде талап қою керегін, ал қай кезде қолдап, жігерлендіру қажет екенін сезіне білу өте маңызды.
– Қазіргі көркем гимнастика бұрынғыдан қалай өзгерді? Бүгінгі бапкерге қандай жаңа талаптар қойылады?
– Көркем гимнастика бір орында тұрмайды, ол үнемі өзгеріп, дамып келеді. Ең алдымен біз, бапкерлер, жаңа ережелерге бейімделеміз, содан кейін сол талаптарға сәйкес спортшыларды дайындаймыз. Жыл өткен сайын жаттығулар күрделеніп, спортшыларға қойылатын талап та артып келеді. Мысалы, 1980-жылдардағы көркем гимнастика мен қазіргі гимнастиканы салыстырсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Ол кездегі күрделі саналған көптеген элементтерді бүгін жас гимнасттардың өзі орындай алады. Сондықтан қазіргі бапкер де үнемі ізденіп, жаңалықтарды бақылап, білімін жетілдіріп отыруы керек.
– Қазақстандағы көркем гимнастиканың қазіргі деңгейін қалай бағалайсыз? Бізге әлі қай бағытта өсу керек?
– Қазір Қазақстанда көркем гимнастика жақсы қарқынмен дамып келеді және нәтижелеріміз де біртіндеп өсіп жатыр. Маған әсіресе спортты басқарып отырған адамдардың осы саланың ішінен шыққаны ұнайды. Олар спортшының да, бапкердің де қандай жолдан өтетінін өз тәжірибесінен біледі. Сондықтан көптеген мәселені оларға қайта-қайта түсіндірудің қажеті жоқ. Дегенмен әлі де шешілуі тиіс мәселелер бар. Соның бірі – инфрақұрылым. Астанада көркем гимнастикаға арналған жеке орталықтың болғанын өте қалаймын. Қазіргі таңда бізде өзіміздің мамандандырылған орталығымыз, толыққанды құрылымымыз жоқ. Бұл әсіресе Астана үшін маңызды. Өйткені қазіргі таңда штаттық ұлттық құрамадағы 11 спортшының 10-ы – Астана қаласының өкілдері. Бұл елордада көркем гимнастиканың қаншалықты жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетеді. Әрине, бұл тек Астананы дамыту керек деген сөз емес. Керісінше, мен Қазақстанның әр өңірінде көркем гимнастика орталықтары болғанын қалар едім. Өңірлерде қажетті жағдай жасалып, инфрақұрылым дамыса, талантты балаларды ерте анықтап, оларға сапалы дайындық жүргізуге мүмкіндік көбейеді. Бұл түптеп келгенде Қазақстан көркем гимнастикасының халықаралық деңгейдегі нәтижелерінің өсуіне ықпал етеді.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сымбат БЕГІМБАЙ