Мектептегі хиджаб дауы: ҚМДБ өз ұстанымын білдірді
Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз.
Оқу-ағарту министрінің мектеп формасына қойылатын талаптарына қатысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап.
ҚМДБ мәлімдеуінше, Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Діни басқарма бұл мәселедегі діни үкім өзгермейтінін атап өтті.
Бұл ретте ҚМБД балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың мектеп формасына үйлесімді орамал тағуына мүмкіндік берілуі керек деп есептейді. ҚМДБ мәлімдеуінше, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс.
Зайырлы мемлекетте дін мемлекеттен бөлінгенімен, азаматтардың ар-ождан бостандығына құрметпен қарау қағидаты сақталады.
Діни басқарманың мәлімдеуінше, орамал мәселесі жылдар бойы қоғамда талқыланып келеді. Оны тек тыйым салу және әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті тереңдете түсуі мүмкін.
Осыған байланысты ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетікті қарастыруды ұсынады.
ҚМДБ мәлімдеуінше, балалардың әрі білімді, әрі тәрбиелі, әрі өз сеніміне құрметпен қарайтын азамат болып қалыптасуы маңызды.
Сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аталған мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері, ата-аналар мен сарапшылардың қатысуымен сындарлы диалог арқылы шешуге дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған, оның ішінде оқушы қыздарға орамал тағуға рұқсат берген мектептің лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтқан болатын.