Әлеумет

"Өзімді кінәлі деп санамаймын": Сәуле Жұбаниязова сотта жауап берді

Ол соттан әділ үкім шығаруды сұрады.

Астанада тұрғын үй қасбетінің опырылуына қатысты іс бойынша сотталып жатқан МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова өзін кінәлі деп санамайтынын тағы да мәлімдеді. Сотта ол болған жағдайдың барлық мән-жайын ескеріп, әділ үкім шығаруды сұрады, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

Сотталушыдан жауап алу сағат 15:00-де жалғасты.

Қайғылы оқиға 2025 жылғы 8 қарашада Астанада болған. Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртқы кірпіш қаптамасы опырылып түскен. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың арасында оқиға орнына келген екі фельдшер де болған.

Медицина қызметкерлерінің біріне жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. Дәрігерлер оның бас сүйегіне ота жасап, ұйыған қанды алып, қан кетуді тоқтатқан. Алайда фельдшер 18 қарашада көз жұмды.

Қылмыстық іс бойынша қасбеті опырылған үйді басқарған МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязова сот алдында жауап беріп жатыр. Ол бұған дейін де тағылған айып бойынша кінәсін мойындамаған.