Руханият

Ажар Рахметқызы, бапкер: Енемнің жеңісіне бапкер ретінде де, келін ретінде де қуандым

Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан қазақстандық мергендер тағы бір мәрте мерейімізді үстем етті. Әйелдер арасындағы бәсекеде Аяш Қабдоллаева алтын медаль иеленді. Чемпионды жарысқа дайындаған бапкер – өзінің келіні Ажар. Ол ШҚО-дағы садақ ату федерациясының негізін қалаушы, аға жаттықтырушы. Біз бапкерден садақ атудың қыр-сыры, ене мен келіннің спорттан тыс қарым-қатынасы туралы әңгімелескен едік.

– Енеңізге садақ атуды үйрету идеясы қалай пайда болды?

– Бастапқыда «енеме міндетті түрде садақ атуды үйретемін» деген арнайы ой болған жоқ. Жалпы, өзім садақ атып жүргеннен кейін жанымдағы адамдардың да осы спортқа қызығушылығы ояна бастайды. Көрсетемін, үйретемін, содан бірте-бірте қызығушылық пайда болады. Отбасымды да садақ атуға жақындатып, осы спортқа деген махаббатын оятқым келді. Негізі, енемнің садақ атуына алғаш себепкер болған адам – қайын атам. Ол республикалық кубоктар мен чемпионаттардың жеңімпазы, спорт шеберіне үміткер. Кейбір жарыстарда ер мен әйел жұп болып қатысатындықтан, енемді алғаш сол кісі үйрете бастады. Қайын енем бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, кәсіби түрде жаттығуға уақыты бола бермейтін. Алғашқы базасын қайын атам қалыптастырды, кейін мен жаттықтыра бастадым. Үйдегі жаттығулары кезінде оның мүмкіндігін байқадым. Нәтижесі менің көрсеткішіммен теңесе бастағанда, «енді үлкен жарыстарға шығу керек» деп ұсыныс айттым. Содан кейін республикалық жарыстарға қатысып, нәтижесі де өсе бастады.

– Садақ атамын деген адам ең бірінші нені білуі керек?

– Ең алдымен қауіпсіздік техникасын білуі және оны қатаң сақтауы керек. Жаттығуды да дұрыс бастаған маңызды. «Бәрін білемін» деп ойлауға болмайды. Кез келген істің іргетасы дұрыс қаланса, дұрыс техника қалыптасса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Бұған қоса табандылық пен тұрақтылық қажет. Садақ атуда бір күндік нәтиже болмайды, үнемі жаттығып, өзіңмен жұмыс істеу керек.

– Көшпенділер ойындарында қатысушылар екі нысана бойынша бақ сынады. Осы екеуінің айырмашылығы неде?

– Бұл жолғы Көшпенділер ойындарында екі нысана болды. Біріншісі – түріктің «пут» нысанасы. Әйелдер 60 метрден, ерлер 70 метрден атады. Екінші нысананы қырғыздар «орта теке» деп атайды, біз оны Орта Азия нысанасы деп танимыз. Ол 40 метр қашықтықта орналасады. Ерекшелігі – үш түрлі позициядан атылуында. Біріншісі – классикалық қалыпта тұрып ату. Екіншісі – бұрылып ату. Үшіншісі – бір тізеге отырып ату. Сондықтан бұл нысана мергеннің дәлдігін ғана емес, техникасын, тепе-теңдігін және жинақылығын да сынайды.

– Өскеменде садақ ату федерациясының негізін қаладыңыз. Бұл спортқа өзіңіз қалай келдіңіз?

– Садақ атуға сегіз жыл бұрын, 24 жасымда келдім. Сол кезде өмірімде алғаш рет садақ ұстадым. Бәрі жай қызығушылықтан басталды. Кейін бұл әуестік кәсіби бағытқа айналды. «Ең жақсы жұмыс – өзің жақсы көретін іс» деген сөз бар ғой. Мен де садақ атуды хоббиден кәсіпке айналдырдым. Негізгі мамандығым – сәулетші. Ал қазір өзімді садақшымын деп айта аламын. Садақ ату федерациясын 2022 жылы құрдым. Маған ұлттық спортпен қатар ұлттық киім, дәстүр, жалпы ұлттық болмыс өте жақын. Сондықтан осы бағытты кәсіби түрде дамытуға ден қойдым. 2023 жылдан бері ұлттық құрама мүшесімін.

Дәстүрлі садақ ату – көне спорт түрі болғанымен, елімізде спорт ретінде қайта жаңғырып келе жатқан бағыт. Ресми спорт реестріне енгеніне де көп уақыт болған жоқ. Соған қарамастан, қазір Шығыс Қазақстан облысында қарқынды дамып келеді.

– Қазір Шығыс Қазақстан облысында садақ атумен қанша адам айналысады?

– Қазір федерацияның Тарбағатай, Зайсан, Риддер, Күршім, Алтай секілді өңірлерде бөлімдері бар. Әртүрлі аудандардан бапкерлермен кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасып жүрміз. Мектептерде де садақ ату секциялары ашыла бастады. Бұл спорттың дамуына үлкен серпін береді. Өзімде 30-дан астам жасөспірім спортшы бар. Жастар мен ересектерден құралған командалар да жұмыс істейді. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша тұрақты түрде садақ атумен айналысатындардың саны шамамен жүзге жуықтайды. Федерацияны басқарып отырғандықтан, садақ атуды барынша насихаттауға тырысамын. Бұл спортты көбірек адам танып, әсіресе балалар мен жастар қызықса деймін.

– Биылғы Көшпенділер ойындарына өзіңіз қатыстыңыз ба?

– Бұл жолы спортшы ретінде қатысқан жоқпын. Шілде айынан бастап Дәстүрлі садақ ату федерациясының аға жаттықтырушысы болып қызмет атқарамын. Сондықтан биылғы Көшпенділер ойындарына бапкер ретінде бардым. 2024 жылғы Көшпенділер ойындарына спортшы ретінде қатысып, екінші орын алған едім. Ал биыл бапкер ретінде бардым. Бұл жолы мен дайындаған спортшы, яғни енем, бірінші орын алды. Әрине, бапкер ретінде шәкіртіңнің жеңісі ерекше сезім сыйлайды.

– Сіз енеңізге садақ атуды үйреттіңіз. Ал өзіңіз енеңізден не үйрендіңіз?

– Енемнен үйренгенім өте көп. Мен үлкен әулеттің жалғыз ұлының келінімін. Өзімді ерке келінмін деп те айта аламын. Үш енем бар, соның екеуімен бір шаңырақ астында тұрамыз. Енем өте сабырлы, мейірімді адам. Жан-жағына үнемі жылуын шашып жүреді. Бастауыш сынып мұғалімі болғандықтан, оны оқушылары да ерекше жақсы көреді. Көшеде көрсе, жүгіріп келіп құшақтайтын балалар көп. Мектеп бітіріп кеткен шәкірттері де туған күнінде арнайы келіп құттықтап тұрады. Осындай қарым-қатынасты көріп, мен де одан сабырлылықты, адамдарға жылылықпен қарауды, кеңпейілдікті үйрендім.

– Үйдегі ене мен келіннің қарым-қатынасы қандай? Ал жарыс кезінде ұстаз бен шәкірт ретінде араларыңыз өзгере ме?

– Үйде біз ене мен келіннен гөрі ана мен қыз немесе құрбы сияқты араласамыз. Қарым-қатынасымыз өте жеңіл. Ол маған ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес, керісінше, барлық бастамамды үнемі қолдап отырады. Тіпті кейде мамам өзінің ене екенін де сезінбейтін сияқты. Өйткені өзінің де екі енесі бар. Сондықтан ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынасты жақсы түсінеді. Ал жарыс кезінде, әрине, жауапкершілік бөлек. Онда мен бапкермін, ол – спортшы. Сол сәтте эмоциядан гөрі нәтиже, тәртіп пен жинақылық маңызды. Бірақ үйдегі жақын қарым-қатынасымыз жарыс кезінде де бір-бірімізді жақсы түсінуге көмектеседі.

– Әңгімеңізге рақмет!  

  Сымбат Бегімбай