Төтенше жағдайлар министрі ауысты: сала тізгінін Мұрат Мұханов ұстады
Бұл туралы Ақорда мәлім етті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Мұрат Мұханов Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі лауазымына тағайындалды. Бұған дейін оның кандидатурасын Құрылтайдың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мақұлдаған болатын, деп хабарлайды Oimaqnews.kz
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды. Жаңа министр енді елдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарымен күресу мекемесін басқарады.
41 жастағы Мұрат Мұханов бұл лауазымға тағайындалғанға дейін Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарды. Оған дейін ол Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментін басқарып, сондай-ақ ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары міндетін уақытша атқарған болатын.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың ақпан айынан бері Төтенше жағдайлар министрі қызметін Шыңғыс Әрінов атқарып келген еді.