"Біз ешкімді қумадық": Абай ұлттық мектебіндегі жағдайды министр қадағалап отыр
Министрдің айтуынша, барлық мәселелерді біліп отыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Абай ұлттық мектебіне қатысты мемлекеттік аудиттің қорытындысы, 10,4 млрд теңге көлеміндегі қаржылық мәселелер және мектеп директорының қызметтен кетуіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Oimaqnews.kz Qaz365.kz.сайтына сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, Абай ұлттық мектебі бірнеше мемлекеттік қаржы көзінен салынған. Нысанға республикалық және жергілікті бюджеттен, сондай-ақ активтерді қайтару қорынан қаражат бөлінген. Осыған байланысты мектеп ғимараты мен ондағы мемлекеттік мүліктің заң талаптарына сәйкес қабылданып, балансқа қойылуы маңызды болған.
Оның сөзінше, 2023-2025 жылдар аралығын қамтыған мемлекеттік аудит мектепте қабылданған шешімдердің заңдылығын, кадр мәселесін және қаржының жұмсалуын тексерген. Аудит қорытындысында көрсетілген 10,4 млрд теңге мәселесінің бір бөлігі мектеп ғимаратын уақытылы балансқа қабылдамауға қатысты.
Сүлейменова мектеп басшылығына қысым жасалды деген пікірді жоққа шығарды. Оның айтуынша, министрлік директорды қызметтен босатуға немесе оның орнына басқа адам тағайындауға араласпаған. Керісінше, мектептің жұмысын заң талаптарына сәйкестендіру жөнінде ұсыныстар айтылған.
Министрдің айтуынша, мектепке қатысты мәселе қазір тек министрлік деңгейінде емес, құзырлы органдардың қарауында. Қазіргі уақытта 24 шағым бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Министр әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бір бөлігін біржақты ақпараттық шабуыл деп бағалайтынын айтты. Оның пікірінше, аудит қорытындысына қатысты нақты баға уәкілетті органдардың тексеруінен кейін берілуі керек.
Осылайша, Абай ұлттық мектебіне қатысты дау әзірге нүктесін қойған жоқ. Мектепке жұмсалған қаржының заңдылығы мен тиімділігіне, сондай-ақ анықталған бұзушылықтар бойынша нақты кім жауап беретініне тиісті тексерулерден кейін құқықтық баға берілмек.