Сауда орталығында пышақпен елді қорқытқан жігіт ұсталды
"Тексеру барысында жас жігіттің пышақты үйінен алғаны анықталды".
Астанадағы «Abu Dhabi Plaza» сауда-ойын-сауық орталығында қолына пышақ ұстап, сатушылар мен келушілерді қорқытқан жігіттің видеосы әлеуметтік желіде тарады. Оқиға орнында болған куәгерлер сауда орталығының күзет қызметінің әрекетсіздігіне және қауіпсіздік деңгейінің төмендігіне шағымданған. Аталған жайтқа полиция қызметкерлері пікір білдірді, деп жазады turkystan.kz baq.kz-ке сілтеме жасап.
Жұмыс уақыты аяқталуға жақындағанда белгісіз жігіт сауда нүктелерінің бірінде электронды темекі талап етіп, сатушыны пышақпен қорқытқан. Бұдан кейін ол тауар сатып алған куәгердің әріптесін аңдып келіп, тікелей бутикке баса-көктеп кірген.
Сауда орталығында қолында пышағы бар азаматтың жүргені туралы хабарлама түскеннен кейін тәртіп сақшылары оқиға орнына жетті. Құқық бұзушы 19 жастағы азамат болып шықты. Ол бірден полиция басқармасына жеткізілді.
Тексеру нәтижелері бойынша сауда орталығының әкімшілігіне осы жағдайдың туындауына ықпал еткен себептер мен шарттарды жою, сондай-ақ келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдау туралы ұйғарым енгізілді.