Белгілі тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті
Танымал тележурналист, отандық телевизияның ардагері, танымал тележурналист, Қазақстан Журналистер одағының лауреаты Тілеуқабыл Мыңжасар дүниеден өтті. Қаралы хабарды журналист Ринат Кертаев жеткізді.
— Отандық телевизияның ардақты ардагері, ұзақ жылдар бойы «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі болған Тілеуқабыл Мыңжасар ағамыздың дүниеден өткенін естіп, қабырғамыз қайысты, — деп жазды Ринат Кертаев.
Оның айтуынша, Тілеуқабыл Мыңжасар журналистиканы қызмет емес, өмірінің мәні деп түсінген азамат болған.
— Тілеуқабыл аға — журналистиканы қызмет емес, өмірінің мәні деп түсінген азамат еді. Өзі бір сұхбатында: «Мен мамандығымды жан-тәніммен жақсы көрдім» деген болатын. Ол үшін үлкен-кіші сюжет болмады: «Мен үшін ТВ сюжеттің үлкен-кішісі жоқ. Әрқайсысының маңызы зор болды», – дейтін. Ал өз кәсіби жолын бір ауыз сөзбен: «40 жылдан астам… Тілші ғана болдым», – деп сипаттаған. Осы «тілші ғана болдым» деген сөздің өзінде үлкен тағдыр жатыр. Ол Алматы облысының ауыл-аймағын аралап, қарапайым халықтың мәселесін республикалық эфирге жеткізді, — деді ол.
Тілеуқабыл Мыңжасар Түркістан қаласында туған. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
1975 жылы Қазақ жасөспірімдер телевидениесінде алғашқы хабары эфирге шықты. «Хабар» агенттігінде құрылған күннен бастап жұмыс істеді.
«Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен, Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Қазақстан журналистер одағының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы. «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофонының» иегері.