Қоғам

Сәрсемалиевтің үстінен аппелляциялық шағым түсті

Үкімді жариялау кезінде сот несиенің қандай жағдайда берілгеніне назар аударды.

Төрт адамды қасақана өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің ісі бойынша апелляциялық шағым түсті. Қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде танылған екінші деңгейлі банктердің бірі сотқа жүгінген, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  turkystan.kz. сайтына сілтеме жасап.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі апелляциялық шағымды дәл осы банк бергенін хабарлады. Алайда қаржы ұйымының үкімге шағымдануына қандай себеп болғаны әзірге айтылмай отыр.

Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев қайын ағасын өлтіргеннен кейін банк қосымшасын пайдаланып, марқұмның атына 4 млн теңге көлемінде тауарлық несие рәсімдеген.

Үкімді жариялау кезінде сот несиенің қандай жағдайда берілгеніне назар аударды. Оны рәсімдеу үшін банк клиенттің жеке келуін де, жеке басын бейне арқылы растауды да талап етпеген.

Үкіммен қатар сот банк төрағасы мен облыс прокурорының атына жеке қаулы шығарды. Құжатта қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілген.

Сонымен қатар сот мұндай жағдайлардың алдағы уақытта қайталануына жол бермеу үшін банкке тауарлық несиелер беру шарттарын қайта қарауды ұсынды.

Банк қылмыстық іс бойынша жәбірленуші тарап ретінде танылғанына қарамастан, оның апелляциялық сатыда нақты нені дауламақ болғаны әзірге белгісіз.

Атырау облыстық соты Сұлтан Сәрсемәлиевтің өзі қазіргі уақытта апелляциялық шағым түсірмегенін де нақтылады.