Спорт

Әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық боскшылар сыйақысын әлі алмаған ба?

Бұл туралы Sportbugin.kz сайты Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) сауал жолдап, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқан

2025 жылы IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында жүлде алған қазақстандық боксшыларға уәде етілген ақшалай сыйақы әлі берілмеген. Бұл туралы Sportbugin.kz сайты Халықаралық бокс қауымдастығына (IBA) сауал жолдап, мәселенің мән-жайын анықтауға тырысқан, деп хабарлайды Oimaqnews.kz  Qaz365.kz. сайтына сілтеме жасап. 

IBA өкілі қазақстандық боксшыларға тиесілі барлық сыйақының төленгенін мәлімдеген. Алайда Қазақстандағы жағдай бұл жауаппен толық сәйкес келмей отыр.

Бейресми мәліметтерге сүйенсек, әлем чемпионатында жеңіске жеткен қазақстандық боксшыларға берілетін сыйақы Қазақстан бокс федерациясының шотына аударылған. Яғни қаражаттың федерацияға түскені туралы ақпарат бар.

Sportbugin.kz бұл мәселе бойынша Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхамға да хабарласқан. Ол сыйақы мәселесі жақын арада шешілетінін айтып, қысқа жауап берген.

Осылайша, IBA тарапынан қазақстандық спортшыларға тиесілі сыйақының аударылғаны айтылғанымен, чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері ақшаны әлі алған жоқ.

Арада бірнеше ай өткеніне қарамастан, спортшыларға тиесілі қаржының нақты қашан және қандай тәртіппен берілетіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ сыйақының боксшыларға уақытылы төленбеуіне не себеп болғаны да ашық айтылған жоқ.

Әлем чемпионатында ел намысын қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшылардың еңбегіне берілетін сыйақының уақытылы төленуі – спортшыларды ынталандыру тұрғысынан маңызды мәселе. Сондықтан федерация тарапынан қаржының қай кезеңде тұрғаны және оның жүлдегерлерге қашан берілетіні туралы нақты түсініктеме күтіледі.

Қазіргі таңда басты сұрақ – IBA аударылды деп отырған сыйақы қазақстандық боксшылардың қолына нақты қашан тиеді?